Skip to content
Басты бет » Монтессори әдістемесі бойынша шеберлік сыныбы

Монтессори әдістемесі бойынша шеберлік сыныбы

Қазіргі кезде Монтессори жүйесін 146 мемлекет қолданады. Бұл жүйе бойынша 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар зейінін, шығармашылық және логикалық ойлау қабілетін, есте сақтауды, сөйлеуді, елестетуді, қимылды дамытады. Оның негізгі қағидаты – «оқы, оқы» деп күштеп емес, ойын арқылы оқыту және баламен дербес тіл табысуға негізделген жаттығуларды таңдап алу. Балалар дәрігері ретінде Мария Монтессори өмірінің басым бөлігін түрлі ауытқуы бар жеткіншектерді емдеуге арнаған. Көп жылдық тәжірибесінің нәтижесінде ол балалардың дамуындағы түйіткілдерді көп жағдайда медицинаның емес, педагогиканың көмегімен түзетуге болатынын түсінеді. Осылайша, жеткіншектердің дүниетанымы мен қабілетін ынталандыруға жағдай жасау арқылы оның үйлесімді дамуына ықпал ететін жаңа әдіс ойлап табады. Оқу үдерісі әрбір баланың мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін ескере отырып құрылатындықтан, Монтессори әдісі ерекше туған балалармен жұмыста кеңінен қолданыс тапқан. Орталығымыздың дефектолог мұғалімдері өткізген «Монтессори әдістемесі бойынша шеберлік сыныбы» соған дәлел. Монтессори жүйесін меңгерген мамандарымыз А. Хамзаева, А. Сәдуақасова, А. Әбдісамат әр баланың жеке ерекшелігін сақтай отырып, сонымен қатар олардың өзіндік дамуларын аса байқампаздықпен бағыттай отырып қызмет көрсетуде.

Пікір қалдырыңыз

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер *